Ақтауда мүгедек жандарды күштеп қайыр сұратқан отбасы сотталып кетті

Автор: Асыл Арман

Ақтауда «қайыр сұрау» арқылы табыс тапқан «отбасылық бизнес» әшкереленді

Фото: istockphoto.com

Маңғыстау облысында мүгедек жандарды күштеп қайыр сұратқан үш адам 7 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ауыр қылмыс үшін үкім шықты

Ақтау қалалық соты ҚР Қылмыстық кодексінің 126-бабы (Бас бостандығынан заңсыз айыру) және 128-бабы (Адамды қанау) бойынша үш адамды кінәлі деп танып, әрқайсысын 7 жылға бас бостандығынан айырды.

Мүгедек жандарды мәжбүрлеген

2023 жылдың қазанынан 2024 жылдың наурызына дейін 50 жастағы әйел мен оның екі ұлы Қарағанды қаласынан аяғы жоқ екі мүгедек азаматты алдап әкеліп, әуелі Семейде, кейін Ақтауда қайыр сұрауға күштеп мәжбүрлеген.

Барлық ақшаны өздеріне алып отырған

Жәбірленушілер жергілікті базарларда қайыр сұрап, тапқан ақшасын толығымен сотталғандардың қолына өткізген. Бұл – олардың күнкөріс көзіне айналған «отбасылық бизнес» болған.

Қорқытып-үркіту мен зорлық-зомбылық болған

Олардың қашуға әрекеттенгені үшін қорқытып, психологиялық және физикалық қысым көргені анықталды. Бұл жағдайды 2024 жылдың наурызында жәбірленушілердің бірі полицияға хабарлап, қылмыстық істің ашылуына жол ашқан.