Көкшетауда «Qnet» қаржы пирамидасын құрған екі жігіт сотталып кетті
Сотталғандар 39 адамды қаржы пирамидасына тартқан

Көкшетау қаласында «Qnet» қаржы пирамидасын ұйымдастырғаны үшін 26-24 жастағы екі жігіт 5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жоғары табыс уәде еткен
Ақмола облысы прокуратурасының мәліметінше олардың бірі Instagram парақшасын белсенді түрде үгіт жүргізіп, жаңа қатысушыларды тарту мақсатында саяхаттап жүрген сәтін, қымбат дүние-мүлкін көрсеткен.
«Ұйымдастырушылар желілік маркетинг схемаларын қолданып, өз қызметін малайзиялық компания арқылы жасырып, азаматтарды «QVI tripsaver» атты жалған туристік карталар мен зергерлік бұйымдарды сатып алуға шақырып, жоғары табыс уәде еткен», - дейді прокурорлар.
Нәтижесінде сотталғандар 39 адамды қаржы пирамидасына тартқан, келтірілген шығын 40 млн теңгені құрады.
Прокурорлар сақ болуға шақырды
«Азаматтарды мұқият болуға және өз жинағын күмәнді қаржылық ұйымдарға салмауға шақырамыз. Сонымен қатар Қазақстан Қылмыстық кодексінің 217-бабы бойынша қаржы пирамидасын құру және басқару үшін мүлікті тәркілей отырып, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік көзделгенін еске саламыз», - деп жазылған хабарламада.
Айта кетері, соңғы үш жылда Ақмола облысында қаржы пирамидаларын құру және басқару фактілеріне байланысты 10 қылмыстық іс тіркелген («Charoit», «Qnet», «Асар баспана», «Chai Tai», «S-Group», «Лайм Академия», «ChiaTai Tianging», «Buyers Union»). Облыстың 9 тұрғынына қатысты әртүрлі қылмыстық жаза кесілді.