Астанада шетелдіктерді заңсыз тіркеумен айналысқан күдікті ұсталды
Жоғары оқу орындарының бірінде де заңсыз көші-қон арнасының ұқсас схемасы анықталды
Ішкі істер министрлігі елімізде заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Астана қаласында шетел азаматтарына жалған құжаттар арқылы уақытша тұру рұқсатын рәсімдеген күдікті ұсталды.
Арнайы ХҚО арқылы жасалған жалған тіркеу
«Күдікті арнайы халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы жалған құжаттарды пайдаланып, жақын шетелдерден келген ондаған азаматқа заңсыз тіркеу рәсімдеген», - дейді ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.
Тінту кезінде тәркіленді:
- Дайын медициналық бланктер;
- Мөрлер;
- Электрондық тасымалдағыштар;
- Жалған тіркеуге қатысты өзге құжаттар.
Оқу орнында да жалған шақырулар жасалған
Елордадағы жоғары оқу орындарының бірінде де заңсыз көші-қон арнасының ұқсас схемасы анықталды.
- Оқу орнының екі қызметкері алыс шетелден келген 68 азаматқа жалған оқу шақыруын рәсімдеген.
- Олар бір кәсіпкермен шетелдік студенттерді тарту туралы жалған келісімшарт жасаған.
- Оқу процесі «қолдан ұйымдастырылып», құжаттар негізінде шетелдіктер елге кіріп, кейін заңсыз жұмыс істеген.
Тергеу амалдары жүріп жатыр
Аталған фактілер бойынша:
- ҚР ҚК «Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру» бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды.
- 2025 жылдың өзінде осындай 8 заңсыз көші-қон арнасы әшкереленіп, жойылған.
Заңсыз көші-қонмен күрес – ІІМ-нің басым бағыты
«Заңсыз көші-қонмен күрес – Ішкі істер министрлігінің басым бағыттарының бірі. Бұл бағытта жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі», – деді Қанат Нұрмағамбетов.