Жетісу облысында ер адам әйелін өлімші етіп, соққыға жыққаны туралы ақпарат тарады
Марқұмның 30 жаста болғаны айтылды

Жетісу облысының Ақсу ауданындағы Баласаз ауылында ер адам өз әйелін өлімші етіп сабап, отбасылық зорлық-зомбылықтың ауыр салдарына себепкер болды. Қайғылы оқиға 22 маусымға қараған түні болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Куәгерлер: әйелдің денесінде сау жер болмаған
«Криминальный Казахстан» Telegram-каналының мәліметіне жүгінсек, марқұмның әпкесінің айтуынша, 30 жастағы Айзатты күйеуі ұрып-соққаннан кейін әуелі әйелдің ата-анасының үйіне, содан соң аудандық ауруханаға апарған. Бірақ жергілікті аурухана жөндеу жұмысында болғандықтан, науқас Талдықорған қаласына жеткізілген. Өкінішке қарай, дәрігерлер оның көз жұмғанын ғана тіркеген.
Сот-медициналық сараптамасыз мәйіт берілген
Марқұмның туыстарының айтуынша, әйелдің денесінде көптеген көгерген іздер мен ашық жаралар болғанына қарамастан, мәйіт сот-медициналық сараптамасыз берілген.
«Біз мәйітті ешқандай құжатсыз алып кеттік. Денесінде сау жер қалған жоқ. Толықтай көгерген, жаралы. Бұл – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың нақты көрінісі. Оны күйеуі өлтірді. Біз әділ тергеу жүргізіліп, кінәлі жауапқа тартылсын деп талап етеміз. Артында екі жасқа да толмаған бүлдіршіні мен ата-анасы аңырап қалды», – деді әпкесі.
Қылмыстық іс қозғалды, күдікті қамауға алынды
Аталған факті бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Күдікті ретінде ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.