Астанада 10G: жаңа буындағы интернет қашан іске қосылады?

Автор: Асыл Арман

Ол ақпаратты секундына 10 гигабит жылдамдықпен соңғы тұтынушыға дейін тұрақты жеткізеді

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Қазақстан астанасында жаңа буындағы – 10G оптикалық интернет технологиясын тестілеуге дайындық жүріп жатыр. Тест қашан және қай жерде өтетіні, жобаның мәні туралы Azattyq Rýhy редакциясына Астана қаласы Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасы басшысының орынбасары Бексұлтан Қуандық айтып берді.

Бұған дейін Астана әкімдігі мен Huawei Technologies Kazakhstan компаниясы 50G PON (Passive Optical Network) технологиясымен 10G жоғары жылдамдықты интернетін сынақтан өткізу бойынша пилоттық жобаны іске қосу жөнінде келісімге қол қойған болатын. Аталған технология бүгінде АҚШ, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Франция мен Германия елдерінде сыналуда.

10G технологиясы дегеніміз не?

Бексұлтан Қуандықтың айтуынша, 10G PON – бұл қазіргі таңда әлемде енгізіліп жатқан өтпелі кезеңдегі технология. Ол ақпаратты секундына 10 гигабит жылдамдықпен соңғы тұтынушыға дейін тұрақты жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл мобильді байланыс емес, FTTH (fiber to the home – үйге дейін жеткізілетін талшықты-оптикалық желі) технологиясы, яғни бүгінгі күнгі көпшілік пайдаланушылар үшін қолжетімді жылдамдықпен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.

50G PON – бұл жаңа буындағы пассивті оптикалық желі. Ол секундына 50 гигабитке дейінгі жылдамдықта дерек жеткізуді қамтамасыз етеді. Бұл технология стационарлы байланысты (оптикалық интернет) дамытуға бағытталған, ал 4G және 5G – мобильді байланысқа арналған.

Келісім нені қамтиды?

Астана әкімдігі мен Huawei арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум шеңберінде жаңа буындағы 10G технологиясын сынау және болашақ байланыс шешімдерін енгізу бойынша ынтымақтастық көзделген.

«Қазақстан тарапынан технологияларды сынақтан өткізуге алаң ұсыну, мемлекеттік құрылымдармен, байланыс операторларымен және инфрақұрылымдық ұйымдармен үйлестіруге жәрдем көрсету қарастырылған.

Қытайлық тарап (Huawei) жабдықты, техникалық қолдауды және әдістемелік сүйемелдеуді өз міндетіне алады.

Жобада Қазақстан тарапынан қаржылық шығындар көзделмеген – Huawei жабдықты тегін ұсынады», – деді Бексұлтан Қуандық.

Тестілеу қашан және қайда басталады?

10G жоғары жылдамдықты интернетін демонстрациялық сынау 2025 жылдың III тоқсанының соңына дейін өтеді.

Ол үшін мыналар қажет:

  • пилоттық алаңдарды оптикалық желіге қосу,
  • Huawei жабдығын орнату,
  • техникалық мамандармен желіні баптау,
  • байланыс операторлары мен қаланың цифрлық құрылымдарының қолдауын қамтамасыз ету.

10G-ді алғаш кім пайдаланады?

Алғашқы пайдаланушылар:

  • жаңа тұрғын аудандардың тұрғындары,
  • мектептер мен ауруханалар,
  • IT-хабтар және компаниялар.

«Тестілеуден кейін Астанада 10G кезең-кезеңімен енгізіледі. Алдымен бизнес-орталықтарда, IT-парктерде, әлеуметтік нысандар мен жаңа тұрғын үйлерде іске қосылады.

Пайдаланушылар қатарында тұрғындармен бірге, мектептер, ауруханалар, IT және медиа саласындағы кәсіпорындар болады.

Ал ескі тұрғын үйлерге енгізу – инфрақұрылымның дайындығына байланысты жүзеге асады», – деді Бексұлтан Қуандық.

Қазақстанға бұл не береді?

Бексұлтан Қуандықтың пікірінше, 10G енгізу:

  • елге жоғары жылдамдықты интернет алып келеді;
  • Smart City, телемедицина және сандық білім беруді дамытуға жол ашады;
  • Астананың аймақтық IT-хаб ретіндегі орнын нығайтады;
  • шетелдік инвестиция тарту әлеуетін арттырады.