Бразилияда 13 жастағы жасөспірім телефонды таста деген әжесін өлтіріп, атасын жарақаттады
Ер адам тәртіп сақшыларын шақырып үлгерген

Бразилияның Франсиску-Белтран муниципалитетінде 13 жастағы жасөспірім телефонды пайдалануға тыйым салған ата-әжесіне оқ атты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ultimo segundo порталының мәліметінше бала алдымен атасын жаралап, кейін әжесінің кеудесіне бес рет оқ атқан. Ер адам тәртіп сақшыларын шақырып үлгеріп, жараланғанына қарамастан баламен алыса кетіп, оның қаруын тартып алған.
«Ерлі-зайыпты немересін жеті жасынан бастап өсіргені анықталды. Алдын ала мәлімет бойынша бала «орынсыз контентті» көргендіктен ата-әжесі смартфонды алып қойған, жанжал осыдан басталған. Салдарынан жасөспірім ағасының тапаншасын алып, оқ жаудырған», - деп жазды портал.
Полицияның мәліметінше, мектеп оқушысы қаруды алу үшін туысының көлігін бүлдірген.
Еске сала кетейік, Солтүстік Қазақстан облыстық көпбейінді балалар ауруханасына үш жасөспірім баса-көктеп кіріп, дәрігер мен сырқат қызды ұрып-соққан болатын.
Жасөспірімдер аяғы сынып ем алып жатқан 15 жастағы дос қыздарына келген. Оны палатадан коридорға алып шығып, кушеткаға отырғызып, басынан ұра бастаған. Дәрігерлер, медициналық қызметкерлер бозбалаларға ескерту жасады. Сол кезде 17 жастағы А. деген жасөспірім қасында отырған қыздың балдағын алып, оның үшкір басымен невропатологтың ішінен ұрған.