Жүргізуші ұсталып, оған қатысты әкімшілік іс қозғалды
Қарағандыда «Горкомтранс» компаниясына тиесілі қоқыс таситын көліктің мас жүргізушісі полициядан қашып кетпек болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полицейлер Сәтбаев көшесінде 56 жастағы жүргізушінің құжатын тексеру үшін тоқтатты. Бірақ ол агрессивті түрде полицейді итеріп жіберіп, оқиға орнынан қашып кетпек болған, деп хабарлайды КТК.
Полиция екі экипажбен қоқыс таситын көлікті қууға мәжбүр болды. Ақыр соңында жүргізуші бәрібір ұсталып, мас екені сараптама арқылы расталды.
"Жүргізушіге қатысты әкімшілік іс қозғалды, ол процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жіберіледі. Ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деді Қарағанды облысы бойынша ДП ресми өкілі Бақытжан Құдияров.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың басынан бері Қазақстанда мас күйде көлік басқарған жүргізушілердің кесірінен 198 жол апаты болып, 18 адам көз жұмды. 318 адам түрлі деңгейде жарақат алды.