Оқушының балағат сөзі үшін айыппұл салу дұрыс па? Министр жауабы

Автор: Аягөз Құрмаш

Министр жазалау шараларына жеке өзі қарсы екенін жеткізді

Фото:gov.kz

Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаев балағат айтқан оқушыларға айыппұл салуға қатысты министрліктің ұстанымын білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мен педагог ретінде кез келген жазалау шараларына қарсымын. Себебі біз саналы болуды, әр адам іштей оған өзі келуіне жағдай жасауымыз керек. Оның ішкі мәдениеті солай қалыптасады. Егер де біз үнемі жаза арқылы тәрбиелейтін болсақ, бұл дұрыс болмайды. БАҚ материалдары арқылы көп адам бірден «жұмыстан шығару керек, жазалау керек» деп кесіп айтып жатады. Оның кесірінен де кейбір мұғалімдер мен директорлар заңсыз жұмыстан кету мен әділдетсіздікке ұшырап жатады. Сондықтан қоғам жазалаудан алыстауы керек. Тәрбие, түсіндіру арқылы гуманистік көзқарасқа келуі керек. Біз журналистермен бірігіп қоғамға соны жеткізуіміз керек», - дейді Бейсембаев.

Еске салсақ, Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы оқу жылының аяқталуына екі күн қалғанда мұғалімді балағаттағаны үшін оқудан шығарылған еді. Кейін оқушы қарапайым мектепке ауыстырылды.