$ 540.78  618.65  6.71
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Астанада әйел адам виза алып беремін деп 100-ге жуық адамның 300 млн теңгесін сыпырып алған

Ол АҚШ пен Шенген визасын алып беремін деп уәде берген

Астанада әйел адам виза алып беремін деп 100-ге жуық адамның 300 млн теңгесін сыпырып алған
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Астанада полицейлер өзін заңгерлік компанияның директоры ретінде таныстырған 34 жастағы әйел адамды ұстады. Ол ондаған азаматты алдап, аса ірі көлемде қаржы жымқырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жәбірленушілерден виза рәсімдеуге деп миллиондап ақша алған

ІІМ мәліметіне сәйкес, алаяқтың құрбандарының бірі – 49 жастағы астаналық әйел. Ол күдіктіге АҚШ пен Шенген визаларын рәсімдеуге көмектеседі деген уәде үшін 49 миллион теңге аударған.

Алайда, екі тарап арасында ешқандай ресми келісімшарт жасалмаған. Ал күдіктінің өтінішімен қаржы тікелей үшінші тұлғалардың есепшотына аударылған. Себебі оның заңды тұлғасына (ЖШС) тиесілі шоттарға бұғат қойылған.

100-ге жуық қылмыстық іс тіркелді

Астана қалалық Полиция департаментінің мәліметінше:

«Әйел азаматша алынған қаражатты өз қалауынша жұмсаған. Ол осындай ондаған жағдайға қатысы бар. Қазіргі уақытта оның үстінен 100-ге жуық қылмыстық іс қозғалған. Жалпы келтірілген шығын 300 миллион теңгеден асады», – делінген ресми хабарламада.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды

Күдікті азаматша ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі таңда аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

Серіктес жаңалықтары