Ресейде қазақстандық әйел лаңкестерге жәрдемдесті деген күдікпен ұсталды
Билікке әсер ету немесе тұрақсыздандыру мақсатында әрекет еткен болуы мүмкін

Ресейде Қазақстан азаматы лаңкестік әрекетке жәрдемдесті деген күдікпен қамауға алынды. Бұл туралы Санкт-Петербург соттарының бірлескен баспасөз қызметі Telegram-арнада мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сот қамауға алу шешімін шығарды
Санкт-Петербургтегі Красногвардейский аудандық соты Қазақстан азаматшасына қатысты бұлтартпау шарасы ретінде 17 тамызға дейін қамауға алу туралы шешім қабылдады. Әйел адам Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексінің 205.1-бабы 3-бөлігі бойынша (лаңкестік әрекетке жәрдемдесу) күдікке ілінген.
Әскерилерге бағытталған ықтимал әрекет
Тергеу мәліметінше, күдікті жоғары лауазымды әскери қызметкерге қатысты билік органдарының қызметін тұрақсыздандыру немесе олардың шешімдеріне ықпал ету мақсатында лаңкестік әрекетке жәрдем көрсеткен.
Әйел 19 маусымда ұсталды
Күдікті 2024 жылдың 19 маусымында ұсталды. Әзірге оған ресми түрде айып тағылған жоқ. Сот отырысында әйел адам үйқамаққа алынуын сұраған, алайда судья бұл өтінішті қанағаттандырған жоқ.