Тоқаев 2030 жылға қарай жасанды интеллект қанша табыс әкелетінін айтты
Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық форумда сөз сөйледі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Беларусьтің Минск қаласында өтіп жатқан Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық отырысына қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Биылғы форумның негізгі тақырыбы – «Еуразиялық экономикалық интеграция стратегиясы: қорытынды мен перспектива».
Президент интеграцияның маңызын атап өтті
Тоқаев форумның интеграциялық бірлестік аясындағы өзекті мәселелер жөнінде ашық әрі мазмұнды диалог алаңына айналғанын атап өтті.
«ЕАЭО елдерінің жиынтық экономикалық әлеуеті – 2,6 триллион доллар. 2023 жылы өзара сауда айналымы 98 миллиард долларға жетіп, 2015 жылғы көрсеткіштен екі есе артты. Елдеріміздің ІЖӨ өсімі де екі жыл қатарынан әлемдік орташа деңгейден жоғары болды», – деді Президент.
Мемлекет басшысы ЕАЭО-ның болашағы тең құқылық, өзара тиімділік және прагматизм қағидаттарына негізделуі тиіс екенін баса айтты. Оның пікірінше, интеграция көздеген нәтижеге жету үшін ымыра мен бірлескен жұмыс қажет.
Тоқаев: цифрлық технологиялар – экономиканы дамытудың кілті
Сессия барысында модератор Президенттен ЕАЭО елдері арасындағы сауда үдерісінде цифрлық технологиялардың рөлі туралы пікірін сұрады.
Тоқаев бұл сұраққа:
«Цифрландыру мен жасанды интеллект (ЖИ) – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. Электронды коммерция, цифрлық құжат айналымы, автоматтандырылған жүйелер – ЕАЭО экономикасының бөлінбес бөлігіне айналды», – деп жауап берді.
Жасанды интеллект – жаңа дәуірдің қозғаушы күші
Президенттің айтуынша, жасанды интеллект экономиканы ғана емес, тұтас қоғам мен мемлекетті түбегейлі өзгертіп жатыр.
«Қазірдің өзінде ЖИ – байланыс, көлік, энергетика, өндіріс, денсаулық сақтау және білім беру сияқты негізгі салаларда кеңінен қолданыла бастады. Әрине, теріс әсерлері де жоқ емес – мысалы, студенттер мен саясаткерлер ChatGPT-ті пайдаланады. Бірақ бұл – цифрландырудың жанама салдары», – деді ол.
Сондай-ақ, болжам бойынша, 2030 жылға дейін цифрландыру мен жасанды интеллект әлемдік ІЖӨ-ге 15 триллион доллар табыс әкеліп, 300 миллион жұмыс орнын алмастырып, жаңа мамандықтардың пайда болуына ықпал етеді.