СҚО тұрғыны жалған инвестицияға алданып, 19 млн теңгесінен айырылды
Ол «биржалық операцияларға» сеніп, ақшасынан айырылып қалды

Петропавл қаласының тұрғыны интернет-алаяқтарға алданып, 19 миллион теңгесінен айырылд, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жалған инвестициялық ұсыныстар – кең таралған алдау әдісі
ІІМ мәліметінше, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жеңіл табыс пен инвестиция туралы жарнамалар жиі кездеседі. Осы жарнамалар арқылы алаяқтар WhatsApp желісі арқылы хабарласып, өзін инвестициялық немесе кеңес беру компаниясының өкілі ретінде таныстырады.
Олар сенімділік тудыру мақсатында адамға арнайы сайттағы аккаунт ашуды ұсынып, сол жерден «табысты» көрсететін жалған деректерді ұсынады.
Жалған табыстар – тек көзбояушылық
«Алаяқтар сайтта кіріс өсіп жатқандай көрінетін жалған статистика көрсетеді. Мұны көрген азаматтар несие алып, туыстарынан қарыз сұрап, үлкен сомалар аударады», – дейді облыстық ПД.
Петропавлда тұратын азамат осылайша «биржалық операцияларға» сеніп, алаяқтарға 19 миллион теңге аударған. Платформада көрсетілген табыс доллармен өскен, бірақ ол ақшасын шешіп алмақ болған кезде, алаяқтар байланысқа шықпай қойған.
СҚО-да 27 адам кибералаяқтардың құрбаны болды
Тек 2025 жылдың алғашқы бес айында ғана Солтүстік Қазақстан облысында 27 адам осындай интернет-алаяқтардың құрбаны болған.