Жүк көлігі жол-көлік оқиғасынан аударылып кетті
Семей қаласында ассенизатор көлігінің жүргізушісі жаяу жүргіншіні қағып өлтірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Абай облысы Полиция департаменті қайғылы оқиғаны ресми түрде растады.
Абай облысы ПД мәліметінше, 2025 жылғы 23 маусым күні сағат 11:00 шамасында Семей қаласының Морозов көшесіндегі реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінде жол-көлік оқиғасы тіркелген.
«Алдын ала мәлімет бойынша, 45 жастағы «ЗИЛ ММЗ-4502» көлігінің жүргізушісі, Шевченко көшесіне бағыт алып келе жатып, 35 жастағы әйелді қағып кеткен. Жәбірленуші оқиға орнында көз жұмды», – делінген полиция мәліметінде.
Оқиға орнынан түсірілген видео Instagram желісіндегі zello_semey2 паблигінде жарияланды. Кадрда аударылып жатқан жүк көлігі, сондай-ақ қираған бетон бағана анық көрінеді.
ЗИЛ көлігін көтеру үшін арнайы автокран жұмылдырылған.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі («Көлік құралын жүргізу ережесін бұзу, абайсызда адам өліміне әкеп соққан») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Қазіргі таңда, сот-медициналық және көлік-техникалық сараптамалар тағайындалған. Тергеу нәтижесіне байланысты процессуалдық шешім қабылданатын болады
Құқық қорғау органдары жүргізушілерді де, жаяу жүргіншілерді де жолда барынша сақтық пен мұқияттылық танытуға шақырады.