«Несиеңді жойып беремін»: күдікті әйел 200-ге жуық адамның 100 млн теңгесін қағып алған
Жамбыл облысында «несиеңді жойып беремін» деген желеумен жасалған алаяқтық әшкереленді

Жамбыл облысында азаматтардың несиелерін «жойып беремін» деген сылтаумен жүздеген адамды алдаған ірі алаяқтық ісі бойынша тергеу аяқталды. Бұл туралы Бас прокуратура мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Күдікті – жоғары заңгерлік білімі бар және Жамбыл облыстық заң консультанттары палатасының мүшесі болып саналатын әйел. Оның тұрғындар арасында беделі болған, әсіресе әлеуметтік жағынан әлсіз топтар – әлеуметтік аз қамтылған отбасылар, көпбалалы аналар мен зейнеткерлер оған шексіз сенім артқан.
Несиеңді «жойып беремін» деген жалған уәде
Алаяқтық схеманың мәні – азаматтарға онлайн микронесиелер рәсімдетіп, кейін бұл шарттарды сот арқылы заңсыз деп танытып, несиені «жойып беремін» деген жалған уәде беру болды. Әйел ешқандай заңды әрекет жасамаған, ал қарыздар сол қалпында қала берген.
Салдарынан адамдардың берешегі өсіп, коллекторлардан қысым көріп, банктік шоттары бұғатталып, тіпті мүліктерінен айырылу қаупі туындаған.
184 адам алданып, 100 млн теңгеден астам шығын келтірілді
Тергеу барысында 184 адамның алданып, жалпы шығын көлемі 100 миллион теңгеден асқаны анықталды. Бұл іс қоғамда кең резонанс туғызды. Жамбыл облысының прокурорының тапсырмасымен өңірлік полиция департаментінде арнайы тергеу-жедел тобы құрылды, ал істің өзі 130 томнан асты.
Қылмыстық іс сотқа жолданды
Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа жолданды. Істі облыс прокуроры тікелей бақылауына алған.