Қазақстанда шегірткеге қарсы 2 млн гектар жер өңделді
Елімізде фитосанитарлық қауіпсіздік күшейтілуде

Қазақстанда шегірткеге қарсы ауқымды химиялық өңдеу жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында айтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жиында фитосанитарлық қауіпсіздік пен зиянкестерге қарсы күрес мәселелері талқыланды. Министр Айдарбек Сапаров бұл бағыттағы жұмыстардың стратегиялық маңызын атап өтті.
«Фитосанитарлық қауіпсіздік — бұл тек техникалық міндет емес, ауыл шаруашылығының тұрақтылығы мен экспорттық әлеуетіне тікелей әсер ететін стратегиялық мәселе», – деді министр.
11 млн гектар аумақ тексерілді, 2 млн гектар өңделді
Вице-министр Бақлан Бекбауовтың айтуынша:
- Қазіргі таңда 11,4 млн гектар ауыл шаруашылығы жері тексерілді;
- Оның ішінде 2 млн гектар жер шегірткеге қарсы өңделген — бұл болжанған таралу аумағының 95,5%-ын құрайды;
- Жамбыл мен Түркістан облыстарында мароккалық шегірткеге қарсы шаралар аяқталған;
- 15 облыста итальяндық прусқа, 8 өңірде азиялық шегірткеге қарсы өңдеу жүріп жатыр.
Жұмысқа 443 бүріккіш техника және 3 500-ден астам маман жұмылдырылған.
Шекарадағы бақылау күшейді
Фитосанитарлық бақылау шеңберінде:
- 2025 жылдың алғашқы жартысында 1 342 заңбұзушылық тіркелген;
- Жалпы 130,7 млн теңге айыппұл салынған;
- 65 рет жұқпалы өнімді енгізу әрекеті тоқтатылған;
- Халықаралық серіктестерге 79 хабарлама жіберілген.
Цифрлық технологиялар мен жаңа жобалар іске қосылды
- ЕАЭО елдерімен шекара бекеттерінде фитосанитарлық инспекторлар жұмысын бастады;
- Мобильді зертханалардың көмегімен 145 рет қауіп төндіретін өнімдердің енуіне жол берілмеді;
- Ақтөбе облысындағы «Әлімбет» өткізу бекетінде карантин құжаттарын электронды рәсімдеу бойынша пилоттық жоба іске қосылды.
Бұл тәжірибе Қазақстан–Ресей және Қазақстан–Қырғызстан шекарасындағы 32 бекетке таратылмақ.