Әуе шары Бразилияның Санта-Катарина штатында апатқа ұшырады
Бразилияның Санта-Катарина штатында 21 адам мінген әуе шары әуеде отқа оранып, апатқа ұшырады. Бұл туралы Diario de Navarra басылымы жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Басылым таратқан мәліметке сәйкес, әуе шары ұшу барысында отқа оранып, Прая-Гранди аумағында құлаған. Әлеуметтік желілерде жарияланған бейнематериалдарда шардың құлар алдында әуеде өртеніп жатқаны анық байқалады.
Қазіргі уақытта апаттың нақты себебі белгісіз, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Санта-Катарина штатының губернаторы Жоржиньо Меллу оқиғаға байланысты мәлімдеме жасап, 13 адамның аман қалғанын хабарлады. Апат кезінде қалған жолаушылар мерт болғаны туралы дерек бар, алайда нақты құрбандар саны әлі ресми расталған жоқ.
Жергілікті билік пен төтенше жағдай қызметтері оқиғаның мән-жайын анықтауға кірісті.