$ 540.87  632.01  6.76
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қостанайда жаңа көлік алған жүргізуші заңсыз айыппұлға тап болды

Көлікті онлайн сатып алған азаматқа жалған нөмір тақты деген айып тағылды

Қостанайда жаңа көлік алған жүргізуші заңсыз айыппұлға тап болды
Фото: istockphoto.com

Қостанайда жаңа көлік сатып алған азамат бірнеше минут ішінде қолайсыз жағдайға тап болды. Бұл туралы Azattyq Rýhy Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

2025 жылдың 18 маусымында ер адам Lada маркалы автокөлікті банк қосымшасындағы «Мемлекеттік қызметтер» бөлімі арқылы онлайн сатып алған. Сағат 11:55-те көлік есептен шығарылып, 12:06-да ХҚО-дан жаңа нөмір алу туралы хабарлама келген.

ХҚО-ға бара жатқанда полиция тоқтатқан

Жаңа көлік иесі нөмір алу үшін мамандандырылған ХҚО-ға бет алған, алайда жолда полиция тоқтатып, оған ҚР ӘҚБтК 590-баптың 4-бөлігі бойынша – «жалған мемлекеттік нөмірмен көлік жүргізді» деген айыппен хаттама толтырған.

Сот: жүргізушіде қасақана ниет болмаған

Азамат айыппұлмен келіспей, істі сотқа жеткізді. Сот барысында оның жалған нөмір қолданбағаны, тек есептен шығарылған соң нөмірлердің жарамсыз болып қалғаны анықталды.

«590-баптың 4-бөлігі бойынша жауапкершілік тек қасақана әрекет болған жағдайда ғана туындайды. Азамат көлікті заңды түрде қайта тіркеу мақсатында ғана басқарған. Онлайн рәсімдеу ІІМ-нің уәкілетті органдарымен келісілген және заңға толық сай», – деп қорытынды жасалды.

Сот жүргізушіні ақтап шықты

Қостанай соты азаматтың әрекетінен әкімшілік құқық бұзушылық құрамы анықталмағанын мәлімдеп, оны жауапкершіліктен босатты.

Алайда шешім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары