$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
11.06.2020, 14:23
Жаңалықтар

Арал теңізінің құрғап қалған орнына 2 жылда 5 млн сексеуіл көшеті отырғызылды

Бұл мақсатқа Корея орман қызметі 1,7 мн доллар көлемінде қаржы бөлген

Арал теңізінің құрғап қалған орнына 2 жылда 5 млн сексеуіл көшеті отырғызылды
фотолардың авторы: Сәкен Ділдахмет

2018-2020 жылдар аралығында ҚР Орман шаруашылығы және жануардар дүниесі комитеті, Корея Республикасының Корея орман қызметі мен Қазақстанның биоалуандығын сақтау қоры бірлесіп, Арал теңізінің құрғап қалған табанына (13 300 га) 5 млн сексеуіл көшетін отырғызды. Бұл туралы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет хабарлады.

Бұл жұмыс «Қызылорда облысында Арал теңізінің құрғап қалған табанының фито-орман мелиорациясы» жобасы аясында іске асып, Корея орман қызметі тарапынан 1,7 мн доллар көлемінде қаржыландырылды.

Арал теңізінің құрғауынан 6 млн гектардан астам жер бұрынғы су алқабынан босап қалды. Жыл сайын теңіздің құрғап қалған табанынан ауаға 100 млн тоннадан аса тұз, шаң мен құм көтерілуде. Климаттық жағдайдың өзгеруі салдарынан, жел арқылы тарап жатқан құм мен тұз қоршаған ортаға зиянын келтіруде.

Осыған орай, 1980 жылдан бастап қазақстандық орманшылар Арал теңізінің құрғап қалған табанына сексеуіл ағаштарын отырғызу жұмыстары арқылы құм мен тұзды дауылдарды тоқтатуда.

«Арал теңізінің құрғап қалған табанына орман егу жұмыстары кешенді түрде жүргізілуде. Жыл сайын Қызылорда облысының орман шаруашылықтары 10 мың га ауданда сексеуіл отырғызуда, оның ішінде 6 500 га Арал теңізінің құрғап қалған табанына тиесілі.

Корея Университетінің мамандары жобаны ғылыми қолдау барысында Арал теңізінің құрғап қалған табанына егілген жасанды екпелердің топырақтың құрамына ерекше әсер еткені жайлы бірегей зерттеулерді жүргізді», - дейді Сәкен Ділдахмет.

Қазақстанда сексеуіл алқаптары орман құрайтын ағаш түрлерінің барлық ауданының 65 пайызын құрап, 6 млн 132,4 мың га ауданда республиканың орман қорының жартысын алып жатыр (49%). Бір сексеуіл ағашының тамыры 4 тоннаға жуық құмды ұстап тұруға қабілетті.

Қазалы орман питомнигінде Арал теңізінің құрғап қалған табанындағы орман мелиорация жұмыстары үшін сексеуіл көшеттері өсіріліп, дайындалады. Питомниктің ауданы 32 га, жылына 4 млн-нан аса сексеуіл көшеттерін өсіріп шығара алады.

ҚР ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығымен сексеуіл ормандарын сақтау үшін 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін сексеуіл ормандарында ағаш кесудің барлық түріне және республиканың барлық сауда орындарында сексеуілді сатуға тыйым салынды.

«Орталық Азияда сексеуіл ормандарының ең көбі Қазақстан шөлді өңірлерінде орналасқан. Осы ерекше ағаш түрінің шығуы біздің елімізден бастау алады. Қазақ орман қызметінің әдісі шөлейттенуге қарсы күресте әлемдегі ең тиімдісі болып табылады. 1980 жылдан бастап 2020 жылға дейін Арал теңізінің құрғап қалған 190 мың га аумағына сексеуіл орманы отырғызылды», - деп түсіндірді комитет өкілі.

Серіктес жаңалықтары