Қазақстан енді шетелдік спортшыларға ақша бермейді: тиісті заң күшіне енді
Қазақстанда жаңа «Дене шынықтыру және спорт туралы» заң күшіне енді

Қазақстанда 2025 жылдың 16 маусымынан бастап жаңа «Дене шынықтыру және спорт туралы» заң ресми түрде күшіне енді. Құжатқа президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жаңа заң саланың тиімділігін арттыру, қаржыландыруды реттеу және спорт саясатын жүйелеу мақсатында әзірленген.
Заңдағы негізгі жаңалықтар
1. Командалық спорт клубтарына қаржылық лимиттер енгізілді
Командалық спорт түрлеріндегі клубтарды ұстауға алғаш рет лимит бекітілді. Бұл лимиттер айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланысты белгіленіп, инфляцияны ескеруге және жыл сайынғы қаржыландыру қысқаруын болдырмауға мүмкіндік береді.
2. Артықшылық берілген спорт түрлері анықталды
60-тан астам басым спорт түрі бекітілді. Оның ішінде 30-ға жуығы елдің барлық өңірінде дамытылады. Бұған Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия және Параазия ойындары, сондай-ақ ұлттық спорт түрлері кіреді.
3. Федерациялардың мәртебесі заңмен бекітілді
Енді республикалық және өңірлік спорт ұйымдары ұлттық аккредиттелген федерация мәртебесіне ие болады. Аккредитация алу үшін жергілікті федерациялардың ұлттық федерация құрамына кіруі міндетті.
4. Мүмкіндігі шектеулі спортшыларға қолдау күшейтілді
I топ мүгедектігі бар спортшылар үшін ілеспе тұлғалардың құқығы заңмен бекітілді. Бұл олардың жаттығу мен жарысқа қатысуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
5. Спорт ұйымдары басшыларына ротация енгізілді
Спорт ұйымдарының басшылары 5 жыл сайын ротация негізінде ауыстырылып отырады. Аудандық деңгейде бір ғана ұйым болған жағдайда, көрші аудандар мен қалалар арасында ротация жасалады.
Неліктен бұл өзгерістер қажет болды?
Туризм және спорт министрлігінің дерегінше, Қазақстанда 180-нен астам спорт түрі дамып келеді. Алайда, халықаралық ареналарда тұрақты медаль алып келетін тек 14 жазғы және 5 қысқы Олимпиада түрі ғана бар.
Саладағы нәтижеліліктің төмендеуі, шығындардың өсуі және жүйелі көзқарастың болмауы осындай кешенді заңнамалық реформаны қажет етті. Қазіргі таңда министрлік барлық түзетулерді іске асыруға кірісті.