БҚО тұрғыны сот арқылы зейнетақысын көбейтіп алды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Сот 67 жастағы зейнеткердің талабын қанағаттандырды

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданында тұратын 67 жастағы ер адам өзіне қосымша зейнетақы үстемесін тағайындау үшін сотқа жүгінді. Ол зейнетке шығарда еңбек өтіліне қартайған әкесіне қараған кезеңнің есепке алынбағанын айтып, сот арқылы бұл мерзімді өтілге қостыруды талап етті. Бұл туралы Azattyq Rýhy облыстық соттың Telegram-арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Әкесіне қараған кезең еңбек өтіліне кірмей қалған

Талапкердің айтуынша, ол еңбек қызметімен айналыспаған кезеңде әке-шешесіне қамқор болып, күтім жасаған. Алайда зейнетке шыққанда бұл мерзім еңбек өтіліне қосылмаған.

Оның айтуынша, бұл мерзімді есепке алу үшін уәкілетті органның ұсынысы негізінде сот арқылы аталған фактіні заңды түрде бекіту қажет болған. Себебі қосымша зейнетақы төлемін алу үшін бұл өте маңызды.

Сот куәгерлердің айғақтарын негізге алды

Сот отырысында ауылдастары, көршілері мен туыстары куәлік етіп, ер адамның шын мәнінде қария әкесіне тұрақты түрде күтім жасағанын растады.

Сот өкілдерінің айтуынша, Әлеуметтік кодекске сәйкес, зейнеткерлік жасқа байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде еңбек өтілі ретінде кіреді:

  • бірінші топтағы мүгедекке күтім жасау;
  • екінші топтағы жалғызбасты мүгедекке күтім жасау;
  • бөгде адамның көмегіне мұқтаж зейнеткерге күтім жасау;
  • жасы 80-нен асқан қарияға күтім жасау мерзімі есепке алынады.

Сот шешімі күшіне енді

Осыған орай, сот талапкердің уәждерін орынды деп тауып, оның талабын толықтай қанағаттандырды. Шешім заңды күшіне енді.