Сиань саммитінен кейін Қытай мен Орталық Азия байланысы жаңа деңгейде – сарапшы
Өткен жылы Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы тауар айналымы 94,8 млрд долларын құрады

Қытайдың солтүстік-батысындағы Шэньси провинциясының Сиань қаласында 2023 жылдың мамырында өткен «Қытай – Орталық Азия» алғашқы саммитінен кейін Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы біртұтас тағдыр қауымдастығы жедел қарқынмен қалыптаса бастады. Бұл туралы Қоғамдық саясат институтының аға сарапшысы Жансая Нұралиева Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, бүгінде Сиань қаласы ежелгі Жібек жолының тарихи бастауы ғана емес, сонымен қатар қазіргі заманғы «керуендердің» ең қарқынды жүретін көлік хабтарының біріне айналды.
«ҚХР-дың Бас кеден басқармасының мәліметі бойынша, өткен жылы Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы тауар айналымы 94,8 млрд долларын құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 5,4 млрд долларға артқан. «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында Қытай мен Орталық Азия елдері даму стратегияларын ұштастыра отырып, өзара тиімділік қағидатына негізделген жан-жақты ынтымақтастықты жүзеге асырып отыр», - дейді Жансая Нұралиева.
Өз сөзінде 2024 жылы ақпан айында Сианьда ашылған Қазақстанның логистикалық хабы Қытай-Еуропа бағыты бойынша жүк пойыздары жөнелтілетін халықаралық Чаньба құрғақ портында орналасқанын тілге тиек етті.
«Орталықтың ашылуының арқасында өткен жылы Қытайдан Транскаспий халықаралық көлік маршруты бойынша контейнерлік тасымал көлемі 33 есе артты.
Сонымен қатар, 2021 жылғы шілдеде іске қосылған Тұрғысын су электр станциясы Қазақстан мен Қытайдың гидроэнергетика саласындағы алғашқы ірі бірлескен жобасы. Аталған жобаның нәтижесінде ШҚО Алтай ауданындағы электр энергиясы тапшылығы шешімін тапты.
Бұнымен қоса, Қытаймен визасыз режимді алғашқы болып енгізген ел ретінде Қазақстан Орталық Азияда Қытаймен стратегиялық серіктестіктің басты ойыншысына айналды», - деп сөзін қорытындылады.