БҚО-да әйел адам күйеуінің қайтыс болғанын 11 жылдан бері дәлелдей алмай келген
Куәгерлердің мәйітті жерлеу сәтіндегі айғақтары сот шешіміне негіз болды

Батыс Қазақстан облысында жергілікті тұрғынның қайтыс болғаны туралы факт қайғылы оқиғадан 11 жыл өткен соң ғана ресми түрде мойындалды. Бұл туралы Azattyq Rýhy облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
АХАЖ тіркеуден бас тартқан
Жәнібек аудандық сотында азаматтық іс қаралды. Жауапкер ретінде шыққан әйел марқұммен заңды некеде болғанын, алайда өлім туралы медициналық анықтаманың жоқтығынан АХАЖ органында өлімді тіркей алмағанын айтты. Салдарынан өлім туралы куәлік беруден бас тартылған.
Куәгерлер: Біз жерлеуге қатыстық, марқұм аурудан көз жұмды
Сот отырысында екі куәгердің айғақтары тыңдалды:
- Бірі – марқұмның туысы;
- Екіншісі – марқұмды жақсы танитын ауылдасы.
Екеуі де 2014 жылы 7 сәуірде азаматтың аурудан қайтыс болғанын және жерлеу рәсіміне қатысқанын растады.
Полиция: қылмыстық құрам болмағандықтан іс қозғалмаған
Жәнібек аудандық полиция бөлімінің мәліметінше, 2014 жылдың 7 сәуірінде азаматтың қайтыс болғаны жөнінде хабар түскен. Алайда қылмыстық құрам болмағандықтан іс қозғалған жоқ.
Сот шешімі: азаматтың қайтыс болғаны мойындалды
Сот барлық дәлел мен куәгер айғақтарын ескере отырып, азаматтың 2014 жылы қайтыс болғаны туралы фактіні ресми түрде мойындады.
Аталған шешім әзірге заңды күшіне енген жоқ.