Ол алаяқтардың арбауына екі рет түсіп қалған
Батыс Қазақстан облысында тұратын азамат екі рет алаяқтардың құрбанына айналды. деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, алғашқы жағдай 2022 жылы болған. Бәйтерек ауданының тұрғыны алаяқтарға сеніп, 200 миллион теңгесін өз қолымен аударған. Арада үш жыл өткен соң, 2025 жылы ол қайта алданып, тағы 90 миллион теңгесінен айырылған.
«Бұл – бір ғана адамның мысалы. Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар жиі тіркеліп жатыр», – деді БҚО ПД киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Артур Мусагалиев.
Соңғы жылдары интернет алаяқтары түрлі тәсілмен халықты алдап, ірі сомадағы қаржы жинау әдісін меңгерген. Сарапшылардың айтуынша, алаяқтардың арбауына түсіп қалатындардың көбі – сенгіш әрі қаржы қауіпсіздігін сақтай алмайтын адамдар.
Бұған дейін Алматыда Гарвард пен Оксфордқа оқуға түсіреміз деген уәдемен жүздеген студентті алдап кеткендер туралы мәлімет тарады. Әрбір үміткер 1,5 млн теңгеден төлеген. Алайда фирма кенеттен кеңсесін жауып, ізін суытқан.