Қазақ ғалымы екі бірдей ауруды емдейтін дәрі жасап жатыр
Жас ғалымның айтуынша бұл фармацевтика саласы үшін үлкен жаңалық болмақ

Абай атындағы ҚазҰПУ жас ғалымы бірден екі аурумен күресуге қабілетті инновациялық дәрі жасап жатыр , деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Туберкулез бен диабетті емдейді
«Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Жаратылыстану және география факультеті, химия кафедрасының PhD, аға оқытушысы, Жас ғалымдар кеңесінің мүшесі Әсем Бақытжанқызы туберкулез бен диабетке қарсы дәрі жасап жатыр», - деп жазылған хабарламада.
Әсем Бақытжанқызы қос биологиялық белсенділікке ие қосылыстар арқылы екі ауруды (туберкулез бен диабет) бір ғана дәрімен емдеу мүмкіндігін қарастыруды мақсат тұтып отырағанын айтады.
«Қазіргі жасап жатқан жұмысымыз – елдің келешегіне бағытталған инвестиция. Бұл фармацевтика саласы үшін үлкен жаңалық болмақ», - дейді жас ғалым.
Студенттерді ғылымға баулып жүр
Әсем Бақытжанқызы «Sparkle Science of Chemistry» студенттік ғылыми зерттеу ұйымы арқылы студенттерді ерте зерттеуге баулып, тәжірибе мен біліктілігін қалыптастырып келеді.
Оның зерттеу бағыты – туберкулез және қант диабетімен күресу үшін гетероциклді органикалық заттар негізіндегі жаңа дәрілік қосылыстарды синтездеу, сондай-ақ олардың фармакологиялық формаларының ерігіштігін зерттеу.