Коронавирус: Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанның екі статистика жариялауына қатысты пікір білдірді

Автор: Azattyq Rýhy

3 маусымнан бастап Қазақстанда 2 136 симптомсыз науқас тіркелген

Фото: coronavirus2020.kz

6 маусымнан бастап Денсаулық сақтау министрлігі симтомды және симптомсыз науқастарды жеке тіркеп, бөлек статистика жүргізе бастады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанның ресми статистикасына байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі baigenews.kz-ке сілтеме жасап.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұйымға мүше мемлекеттерге ұсыныс әзірлейді. ДДСҰ ұсыныстарын ескере отырып ұйымға мүше мемлекеттер елдегі іс-шараларға байланысты шешім қабылдайды. Статистика жүргізуге келер болсақ, мемлекеттердің тиімді статистика жүргізу туралы кез келген шешім қабылдауға құқығы бар», - деп жауап берді ДДСҰ өкілдері.

Дегенмен, ДДСҰ симптомсыз науқастар коронавирус жұқтыра ма деген сұраққа нақты жауап бермейді.

«Негізінен COVID-19 симптомды жағдайда болатын жөтел немесе басқа белгілер кезінде тарайды. Ауру жұқтырғандардың көбінде әлсіз симптомдар байқалады. Кейбір деректер симптомсыз науқастардан да вирус жұқтыруға болатынын көрсетті. Бірақ мұндай жағдайдың қаншалықты жиі болатыны белгісіз», - деп жазылған ұйым сайтында.

Естеріңізге сала кетсек, 6 маусымнан бастап Денсаулық сақтау министрлігі клиникалық белгісі жоқ науқастарға қатысты статистика жариялай бастаған еді. 3 маусымнан бастап Қазақстанда 2 136 симптомсыз науқас тіркелген