Алакөлдің шығыс жағалауын абаттандыруға 4 млрд теңге бөлінген
Алайда кей кәсіпкерлер қызмет көрсету сапасын заман талабына сай орындамай отыр

Шығыс Қазақстандағы Алакөл жағалауын абаттандыру жұмыстарына биыл 3,9 млрд теңге бөлінген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Көл жағалауының инфрақұрылымы жақсартылды. Алайда, кей кәсіпкерлер қызмет көрсету сапасын заман талабына сай орындамай отыр», - деп жазылған хабарламада.
Облыс басшысы Даниал Ахметов өткен жылмен салыстырғанда, мұнда өзгеріс көп екенін айтты.
«Қоғамдық тамақтандыру саласымен айналысатын кәсіпкерлер мол пайда табады. Соған қарамастан демалыс орнында жоғары талапқа сәйкес келетін бірде-бір мейрамхана немесе дәмхана жоқ. Орталықта орналасқан тамақтандыру орындарының иелері абаттандыру туралы, қызмет көрсету сапасы жөнінде ойланбайды. Өйткені олар адамдардың бәрібір өздеріне келетінін біледі», - деді ШҚО әкімі.
Көл жағалауында 345 кәсіпкерлік нысан орналасқан. Оның ішінде 11,5 мың төсек-орындық 175 демалыс үйі, 36 қоғамдық тамақтану орны, 27 дүкен, 104 дүңгіршек, 3 дәріхана бар. Биыл 8 жаңа демалыс орны салынып, 11-і аумағын кеңейтті. Сөйтіп, қосымша 650 орын пайда болды.