Қаржаубай Нұрымов сотталғандар берген өтемақыны балалар үйіне беруге шешім қабылдаған
Марқұм Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов қылмыскерлер берген өтемақыны қайда жұмсайтынын оның адвокаты Мейірман Шекеев айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның сөзіне қарағанда Қаржаубай әу бастан қандай да бір қаржылай өтемақыға қызықпаған.
«Қаржаубай адал азамат. Маған келгенде «менің Шерзатымды қараламаса болды» деді. Бұл қылмыскерлердің түрмеде отыратынына күмәнім бар, бірақ менің баламды қараламасыншы, менің аманым сол деді. Қаржаубай ақша жинады, «сбор» ашты деген әңгіме шықты. Оның бәрі шындыққа жанаспайды», - деді Мейірман Шекеев.
Оның айтуынша Қаржаубай қылмыскерлерден бір тиын сұраған емес.
«Азаматтық талап қойған кезде бірден бас тартты. Содан кейін мен шартты жазаға шығып кетпеу үшін өтемақы талап ету керек екенін түсіндіргеннен кейін ғана солай істеді. Оның өзінде ақша түсетін болса, оны балалар үйіне аударамын деді», - дейді адвокат.
Айта кетейік, Талғарда кісі қолынан қаза тапқан 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне байланысты қылмыстық іс жуырда аяғына жетті. Талдықорған қаласындағы сот ғимаратында 9 күдіктіге қатысты үкім шығып, олар бас-аяғы 7 жылдан 23 жылға дейінгі аралықта бас бостандығынан айырылды.
Судья Ержан Жанұзақов Шерзат Полаттың ата-анасы мен әжесінің сотталғандардан моралдық және материалдық залал өндіріп алу туралы талап-арыздарын ішінара қанағаттандырды.
Моралдық өтемақыны өз еркімен төлеу үшін екі ай берілді. Осы мерзімде төленбесе, сот актісі мәжбүлі түрде орындалады.