Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев пен Орталық басшылығы қонақтарға ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенінің жұмысын көрсетті
Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстан және Солтүстік Кипр Түрік Республикасы парламенттерінің спикерлері Ұлттық ғарыш орталығына барып, ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенінің жұмысымен танысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының ХIV жалпы отырысы қарсаңында Қазақстан Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов, Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисінің төрайымы Сагиба Гафарова, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің төрағасы Нурланбек Тургунбек уулу, Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисінің Заң шығарушы палатасының спикері Нуриддин Исмоилов және Солтүстік Кипр Түрік Республикасы Парламентінің төрағасы Зия Өзтүрклер «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ Ұлттық ғарыш орталығына барды.
Парламент спикерлеріне британдық компаниямен бірлесіп жасалған KazSTSat ғылыми жер серігінің макеті көрсетілді. Мұндай типтегі алғашқы жер серігі 2018 жылы ұшырылған болатын. Ол ғарыштық мониторинг жүргізіп, ауыл шаруашылығы, су ресурстарын қорғау және тиімді пайдалану, төтенше жағдайлар саласы, табиғи апаттарды болжау сияқты және басқа да міндеттерді тиімді шешіп келеді. Қазіргі уақытта 5 жер серігінен тұратын топтаманы құру жұмыстары жүргізілуде. Барлық жұмысты 2028 жылға дейін аяқтау жоспарланып отыр.
«Сондай-ақ қонақтарға OTS-Sat наносанатты ғылыми ғарыш аппаратының жасалуына қатысты әзірлемелер таныстырылды. Бұл Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің бірлескен жобасы. Қазіргі уақытта аппарат пен оның қосалқы жүйелерінің жобалануы аяқталып, компоненттерді сатып алу және қосалқы жүйелерді жинау жұмыстары жүргізілуде. Оптикалық пайдалы жүктемені жасау және оны сынақтан өткізу аяқталды», - деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар Қазақстанның Халық қаһарманы, ғарышкер Айдын Айымбетов Парламент спикерлеріне «Байқоңыр» ғарыш айлағында Ресеймен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «Бәйтерек» ғарыш-зымыран кешені туралы айтып берді. Бұл жоба Қазақстанға ғарыш аппараттарын жасаудан бастап оларды ұшыруға дейінгі толық циклді қамтитын, тиімді коммерциялық құрылымы бар толыққанды ғарыш саласын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Алғашқы сынақтық ұшыру биылғы жылдың соңына жоспарланған. «Байқоңыр» ғарыш айлағында ғарыштық туризмді ұйымдастыру, стартаптар мен ғылыми және өндірістік жобалар үшін инфрақұрылым құру сияқты басқа да бірлескен бастамалар жүзеге асырылуда.