Жас отандастарымыз Ұлттық қордан 13,3 млн доллар алды

Автор: Алмас Ерсін

Тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында 7,95 млн долларға өтініш берілген

Фото: freepik.com

«Ұлттық қор - балаларға» бағдарламасы аясында жас отандастарымыз 13,34 млн АҚШ долларын нысаналы мақсатқа пайдаланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy БЖЗҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 2024 жылдың 1 ақпанынан бастап "БЖЗҚ" АҚ 13,34 млн АҚШ долларына 108 694 өтініш орындап, өтініш берушілердің банктік шоттарына аудару үшін уәкілетті операторларға аударды.

Оның ішінде:

  • тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында 7,95 млн АҚШ долларына 64 325 өтініш,
  • білім алу ақысын төлеу үшін 5,38 млн АҚШ долларына 44 369 өтініш орындалды.

Нысаналы жинақты алушы барлық соманы немесе оның бір бөлігін пайдалануға құқылы, ақшаның пайдаланылмаған қалдығы нысаналы жинақтау шотында (НЖШ) қала береді.

Тұрғын үй жағдайын жақсарту аясында қазақстандықтар қаржысын көбінесе мынадай мақсатта пайдаланды:

  • одан әрі жинақтау үшін тұрғын үй құрылысы жинақтарындағы салымды толықтыру (7,77 млн АҚШ долларына 62 749 өтініш орындалды),
  • тұрғын үй сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарнаны енгізу – 57,78 мың АҚШ долларына 496 өтініш,
  • азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алу (түпкілікті есеп айырысу) – 44,69 мың АҚШ долларына 407 өтініш.

Білім алу ақысын төлеу бойынша ең танымал қосалқы мақсаттар:

  • Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан білім ұйымдарының білім беру қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе бір рет толық көлемде (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеу (4,79 млн АҚШ долларына 39 065 өтініш орындалды),
  • білім алу үшін жинақтау салымы туралы шарт бойынша білім алу жинақтау салымын толықтыру (437,15 мың АҚШ долларына 3 935 өтініш орындалды),
  • шетелдік білім беру ұйымдарының оқыту қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе толық көлемде біржолғы (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеу (122,91 мың АҚШ долларына 1 113 өтініш орындалды).

Естеріңізге сала кетейік, "Ұлттық қор - балаларға" бағдарламасына сай Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының инвестициялық кірісінің 50%-ы жылына бір рет 2006 жылы және одан кейін туған, Қазақстан Республикасының азаматы болып есептелетін балалар арасында бөлінеді.