Ол «күйеуге тимей бала тауып алыпты» деген сөзге қалмау үшін баланы басқаның асырауына беруді ұйғарған
Қарағандыда жаңа туған нәрестелерді оңды-солды таратқан медибике мен сәби асырап алғандарға қатысты сот болып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бүгінгі жарыссөзде прокурор кінәсін мойындаған бір отбасы мен балаларды берген әйелге 8 жыл шартты жаза сұрады. Ал өзіне шаң жуытпаған екінші ерлі-зайыпты мен бала асырап алуға арағайындық жасаған мейірбикені 9 жылға соттауды талап етті.
«Босанған әйел ауылда тұратындықтан, «күйеуге тимей бала тауып алыпты» деген сөзге қалмау үшін баланы басқаның асырауына беруді ұйғарған. Яғни олармен келісімге келіп, баланы сыйға тартқан. ҚР ҚК 135-бабының 2-тармағы 1-пункті бойынша алдын ала сөз байласып, кәмелетке толмаған баланы алып алу қылмысы істелді», - деді мемлекеттік айыптаушы Нұрбек Қузбақов.
КТК-ның хабарлауынша тергеушілер алғашында шалғай ауылдың тұрғыны баласыз жұпқа қызын сатып, бір жылдан кейін жаңа туған ұлын екіншілерге сатқан деген айып тақты. Оларға перзентхана мейірбикесі көмектескен.
Іс материалдары бойынша бір нәрестенің құны 3 миллион теңге делінген. Босанған келіншектің күйеуі болмағандықтан, жаңа туған баланың куәлігіне әкесі ретінде сатып алушының аты‑жөні жазылыпты. Кейін сот шешімімен бала әлгі «әкенің» қарауына өтеді.
Сот алдында екі ерлі-зайыпты, босанған әйел мен медбике жауап берді. Баласын берген әйел оларды асырай алмайтындықтан, ауқатты отбасыға бергенін айтады.
Сотта сату, сатып алу фактісі дәлелденбей, прокурор айыптауды баланы сыйға тарту бабына ауыстырған. Бір жұп кінәсін мойындап, баладан ажыратпауды сұрады.
«Баланы жай әншейін бере салған жоқ. Босанған әйелдің талаптары болды. Балалар үйінде көзі жәутеңдегенше, қайта ауқатты отбасына түсіп, дұрыс тәрбие алсын деді. Солай болып жатыр да. Асырап алғандар балаға жақсы қарап отыр. Біздің жағдайда әлеуметтік мақсат орындалды. Балалар үйіне түссе, тағдыры қалай болар еді? Одан да отбасында тәрбиеленгені дұрыс. Баланы сыйға берді деген баппен келіспейміз», - дейді адвокат Алмас Абдақасов.