Алматыда медицина тарихына енетін оқиға болды
Гистологиялық зерттеу нәтижесі дәрігерлер «ісік» деп ойлаған тіннің ми тіні екенін анықталды

Алматы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында медицина тарихына енетін оқиға болды. Қазақстандық дәрігерлер тобы жаңа туған нәрестеге әлемдік тәжірибеде небәрі 30 рет тіркелген аса сирек кездесетін патология бойынша сәтті ота жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өмір үшін арпалыс
Сәбидің өмірі үшін күрес оның жарық дүниеге алғаш келген сәтінен басталды – нәресте өздігінен дем ала алмады. Бет пен мойын тұсында пайда болған, көлемі 4х4 сантиметр болатын үлкен өскін кеңірдек пен жоғарғы тыныс жолдарын қысып тастаған.
«Баланың жағдайы ауруханаға түскен сәтте өте ауыр болды. Тыныс жетіспеушілігі, жүрек-қантамыр және қан айналымының жеткіліксіздігі белгілері байқалды. Нәрестенің әр тынысы - өмір үшін арпалыс еді», - деп еске алды жаңа туған нәрестелер реанимациясы бөлімшесінің меңгерушісі Ұлықпан Әлсейітов.
Нәресте шұғыл түрде тасымал инкубаторы бар реанимобильмен Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жеткізілді. Дәрігерлер оны бірден интубациялауға мәжбүр болды – жасанды тыныс алу аппаратынан ажыратқан сайын сәби тұншыға бастайтын.
Жағдай әлдеқайда күрделі болып шықты
Бастапқыда мамандар бұл жиі кездесетін қатерсіз ісік - лимфангиома деп топшылады. Алайда жағдай әлдеқайда күрделі болып шықты. Рентген, компьютерлік және магниттік-резонанстық томография өскіннің өмірлік маңызы бар қан тамырлар мен шеткі жүйке талшықтарын да қамтығанын көрсетті.
«Өскін жұтқыншақ пен көмей аймағын, құлақ маңындағы шайнау бұлшықеттерін басып, тыныс жолдарын тарылтқан. Науқастың өмірін сақтау үшін дереу ота жасау туралы шешім қабылданды», - дейді жақ-бет хирургі, медицина ғылымдарының докторы Серік Нұрмағанов.
Реаниматологтар, жақ-бет хирургтері мен неврологтардан құралған бірнеше консилиум отаның тактикасын егжей-тегжейлі пысықтады.
Нәресте алғаш рет еркін дем алды
Екі сағатқа созылған күрделі отаның нәтижесінде көлемді түзіліс толықтай алынып тасталды. Нәресте алғаш рет еркін дем алды. Алайда дәрігерлерді алда үлкен тосынсый күтіп тұрды. Гистологиялық зерттеу нәтижелері дәрігерлер «ісік» деп ойлаған тіннің ми тіні екенін анық көрсетті. Бұл - тәжірибелі мамандардың өзін таңғалдырған жаңалық болды.
«Бұл гетеротопиялық ми тіні - эмбрион дамуы кезінде ми жасушаларының бас сүйек қуысы сыртында орналасуынан туындайтын аса сирек туа біткен аномалия», - деп түсіндіреді орталық директоры Әлібек Смағұлов.
Статистикаға сүйенсек, көмей-жұтқыншақ аймағында орналасқан мұндай ми тіні барлық гетеротопия жағдайының 0,1%-ынан да аз. Дүниежүзілік медициналық әдебиетте осыған ұқсас небәрі 30 жағдай ғана сипатталған.
Ота сәтті аяқталды. Сәби өздігінен тыныс алып, емуді үйреніп, жағдайы жақсарып үйіне шығарылды.