Семейде КамАЗ жүргізушісі велосипед мінген адамды қағып кетті: ол оқиға орнында көз жұмды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Оқыс оқиға Папанин-Қаржаубайұлы көшелерінің қиылысында болды

Фото: istockphoto.com

Абай облысының Семей қаласында жол апаты салдарынан велосипед жүргізушісі қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жол апатының мән-жайы

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, жүк көлігінің жүргізушісі Папанин көшесінен Қаржаубайұлы көшесіне бұрыла бергенде, жол бойымен келе жатқан велосипедтегі адамды қағып кеткен.

«Жол-көлік оқиғасы салдарынан велосипед тізгіндеген ер адам алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды», – деп хабарлады Полиция департаменті.

Тергеу амалдары басталды

Оқиға орнына дереу жедел жәрдем мен полиция қызметкерлері жеткен.

Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі (Көлік құралдарын жүргізуші тұлғаның жол жүру ережесін бұзуы, абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Қазіргі уақытта қажетті сараптамалар тағайындалды, жол апатының барлық мән-жайы анықталуда.