Швейцарияда көшкіннен кейін жермен-жексен болған ауылды басқа жерге көшіру жоспарланып отыр
Көшкін салдарынан Блаттен ауылы қирап қалды

Швейцарияның Вале кантонында орналасқан Блаттен ауылын көшкін басып, тұрғын үйлер мен инфрақұрылымға жүздеген миллион франк көлемінде шығын келді. Фермерлер шаруашылықтарынан, қонақүй иелері нысандарынан айырылып, көптеген адам жұмыссыз қалды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Bild басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Швейцарияның қоршаған орта министрі Альберт Рести бар мүлкінен айырылған адамдар үшін бұл – төзгісіз жағдай, деп мәлімдеді.
Үкімет шұғыл көмек көрсетуде
Швейцария президенті Карин Келлер-Зуттер шұғыл көмек ретінде 5 миллион франк (шамамен 5,3 млн еуро) бөлінетінін хабарлады. Бұған қоса, Вале кантоны қосымша 10 миллион франк қаржы бөлуге ниетті.
Бұл қаражат сақтандыру өтемейтін залалдарды өтеу және қиын жағдайға тап болған ауыл тұрғындарына көмектесу үшін бөлінеді. Бірақ жазғы және саяжай үйінің иелері бұл көмектен үміттене ала ма, әзірге белгісіз.
Ауыл қайта салына ма?
Көшкіннен кейін кей жерлерде үйінді қабаты 100 метрге дейін жеткені тіркелді. Қазір сарапшылар Блаттен ауылын басқа, қауіпсіз аймаққа көшіріп, қайта салу идеясын талқылап жатыр.
«Біз Леченталь аңғарындағы адамдардың болашағын жақсартқымыз келеді. Аймақтан біржола кету – жол емес», — деді министр Рести.
Жаңа қоныс таңдау мәселесін ауыл тұрғындарының өзі шешетін болады.
Климаттың өзгеруі мен болашақ қатерлер
Профессор Михаэль Краутблаттердің айтуынша, мұндай табиғи апаттар жиілеп барады, себебі климаттың жылынуы мен мәңгі тоң қабатының еруі бұл процестерді күшейтуде.
Вале кантонының өзінде 90-нан астам қауіпті аймақ бар және оларды тексеру мен бақылауды күшейту қажет.
Айта кетейік, жуырда Швейцарияда мұздық опырылып, бүтін бір ауыл жойылып кеткені хабарланған болатын.