Баянауылда ондаған пәтерлі үй қаңырап бос қалды: тұрғындар коммуналдық шығынға шыдамаған
Бұл үй электр қуатымен жылытылады

Павлодар облысы Баянауыл ауданының орталығындағы 24 пәтерлі үйдің көп бөлігін тұрғындар тастап кеткен. Қазір бұл жаңа үйде небәрі алты отбасы ғана тұрып жатыр. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі 24.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Жаңа үй – ескі проблема: жылу жүйесі жұмыс істемейді
Бұл үй алты жыл бұрын салынған. Қоныстанушылардың қатарында көпбалалы отбасылар, әлеуметтік жағдайы төмен жандар және бюджеттік сала қызметкерлері болған. Алайда жылу жүйесінің сапасыздығы тұрғындарға қолайсыздық туғызған.
Электр қуатымен жылытылатын бұл баспанада қыс мезгілінде қосымша пештер қосуға тура келген. Соның салдарынан ай сайынғы коммуналдық төлем көлемі 100 мың теңгеден асып кеткен.
«Су жоқ, жарық жиі өшеді, суық үйде тұру мүмкін емес»
Баянауыл тұрғыны Виктор Лупанчук үйдің сыртқы көрінісі жақсы болғанымен, іші өмір сүруге жайсыз екенін айтады:
«Мұнда су жоқ, жарық жоқ. Үй суық. Электр батареяларды қосқан соң, өте қымбатқа шығады. Бәрі көшіп кетті, қазір тек алты отбасы қалдық», – дейді ол.
Ал Ғанибет Мәди есімді тұрғынның айтуынша, күйеуінің тапқан табысы тек коммуналдық төлемге кетеді. Қыста 107-108 мың теңге шамасында төлем түскен күндер болған.
«Ауылдан жер үй іздеп, жалдап тұрып жататын кездеріміз де болды. Бірақ бұл үй жұмыс берушінің есебінен берілген соң, амалсыз тұрамыз», – дейді ол.
Үйдің қабырғалары көгеріп, тұсқағаздар түсіп қалады
Тұрғындардың айтуынша, үй қабырғалары өте жұқа, қырау басып, көгеріп кетеді, нәтижесінде тұсқағаздар түсіп, жыл сайын жөндеу жүргізуге тура келеді.
Әкімдік жылу жүйесін өзгертпек
Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаев бұл мәселемен екі жылдан бері айналысып жатқанын айтады. Оның сөзінше, былтыр қабырғаларға арнайы жылу материалдары (пена) қолданылған, алайда электрмен жылытудың тиімділігі төмен болған.
«Биыл жылу жүйесін қатты отынмен жұмыс істейтін қазандыққа көшіру жоспарланып отыр. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 10 миллион теңгеден астам қаржы бөлінеді», – дейді аудан әкімі.
Оның айтуынша, жөндеу жұмыстары толық аяқталған соң, бос пәтерлерге бұрынғы тұрғындар қайта оралады.