БҚО-да әйел адам танысы үшін несие аламын деп басы дауға қалды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Ол танысы үшін 750 мың теңге несие алған

Фото: pixabay.com

Батыс Қазақстан облыстық сотының хабарлауынша, тұрғын сотқа жүгініп, бұрын өзі танысы үшін рәсімдеген несиені өндіріп беруді сұраған. Іс медиация тәртібімен шешіліп, тараптар келісімге келді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қарыз қалай пайда болды?

Сот мәліметінше, әйел 750 мың теңге көлемінде банктен несие алып, оны танысының өтінішімен рәсімдеген. Ал несие шарттарына сәйкес, ай сайынғы төлемді қарыз алған азамат өтеуі тиіс болған. Алайда ол қарызды төлеуден бас тартқан, соның салдарынан әйел сотқа жүгінуге мәжбүр болған.

Сот шешімі мен медиация нәтижесі

Сот тараптарды татуластыруға тырысып, медиация тәртібімен келісімге келуге қол жеткізді. Іс сол себепті тоқтатылды.

Келісім шарттарына сәйкес, жауапкер қарызды 13 ай ішінде өтеуге міндеттелді.

Сонымен қатар, сот талап қоюшыға мемлекеттік баж салығы ретінде төленген 7 500 теңгені қайтару туралы шешім шығарды.

Міндет орындалмаса – мәжбүрлі орындау басталады

«Медиациялық келісім мерзімінде орындалмаған жағдайда, ол мәжбүрлі түрде орындалуға жатады. Бұл үшін сот талап қоюшының өтініші бойынша атқару парағын береді», – деп хабарлады облыстық сот.

Шешім заңды күшіне енді.