Ол эффективті жылдам оқу арқылы бір күнде 2 кітапты оқып тауысады
Ақтау қаласының 6-сынып оқушысы Самир Валерий минутына 17 мың сөз оқиды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше екі жыл бұрын Самир минутына 90 сөзден артық оқи алмайтын.
«Алайда жүйелі жаттығулар мен ұстазының қолдауының арқасында көрсеткішін едәуір жақсартты. Қазір оның оқу жылдамдығы минутына 16-17 мың сөзге жетеді», - деп жазылған хабарламада.
Ақпаратты жоғары жылдамдықпен қабылдау Самирге сабақта өзіне сенімді болуға және тек гуманитарлық пәндерде ғана емес, нақты ғылым пәндерінде де жетістікке жетуге көмектесуде.
Ол қалалық және аудандық олимпиадалардың жүлдегері, ал 2023 жылы мектебінде «Жыл оқушысы» атағына ие болды.
«Мен эффективті жылдам оқу арқылы 2 кітапты бір күнде оқып бітіре аламын. Оны түсініп оқимын. Ұйқымнан оятып сұраса да жатқа айтып бере аламын», - дейді 6-сынып оқушысы.
Самир сыныптастары арасында ұйымшыл, мақсаткер және жауапты оқушы ретінде танымал.
Ол мектеп өміріне белсене араласып, көшбасшылық қабілетін және өсуге деген ұмтылысын көрсетіп жүр. Оның айтуынша, болашақта ел игілігі үшін қызмет етіп, білім, өнер және спорт салаларында өзін танытқысы келеді.