Жезқазғанда автобуста жасөспірім талып қалды (ВИДЕО)
Көрсетілген шұғыл көмектің нәтижесінде 16 жастағы қыз аман қалды
Жезқазғанда полицей жасөспірімнің өмірін құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Әйел көмек сұраған
Жезқазған қалалық полиция басқармасының ювеналдық полиция тобының учаскелік инспекторы Азат Есенғабылов ес-түссіз қалған жасөспірімге алғашқы медициналық көмек көрсетіп, оның өмірін сақтап қалды.
"Оқиға қалалық бағыттағы автобустардың бірінде болған. Кезекшілік барысында аялдама маңында жүрген полиция қызметкері кенеттен автобус ішінен көмек сұраған әйелдің дауысын естіп, дереу әрекет етеді", - деп жазылған хабарламада.
Шұғыл көмек нәтиже берді
Салонға кіргенде ол талмасы ұстап, есінен танып қалған жасөспірімді көреді. Азат Есенғабылов бір сәтке де кідірместен қыз баланы автобустан көтеріп түсіріп, аялдамадағы орындыққа жатқызып, алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Сонымен қатар жедел жәрдем шақырып, медициналық мамандар келгенге дейін жасөспірімге қолдау көрсетуді тоқтатпаған.
"Көрсетілген шұғыл көмектің нәтижесінде 16 жастағы қыздың жағдайы тұрақталып, ол дәрігерлердің бақылауына алынды. Жасөспірімнің анасы полиция қызметкеріне шынайы алғысын білдіріп, оның бейжай қалмай, көмек қолын созғаны үшін ризашылығын жеткізді", - деп хабарлады полиция.
Азат Есенғабылов ішкі істер саласында 2014 жылдан бері қызмет етеді. Ал 2018 жылдан бастап кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор ретінде балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау жолында еңбек етіп келеді.