Аманжол Әлтай ерекше балаларға иппотерапияны енгізуді ұсынды

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол «Тұлпар күні» деген ұлттық мерекені ресми түрде бекіту жайлы да айтты

Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында жылқы шаруашылығын дамытудың мемлекеттік деңгейде қолға алынуы қажет екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Жылқы – тек тарихи мұра емес, экономиканың, спорттың, білім мен медицинаның, ұлттық идеологияның толыққанды бір бөлігіне айналуы тиіс», – деді депутат.

Бүгінде елімізде жылқы саны 4,2 миллионға жеткенімен, жылқы етінің 160 мың тоннадан астамы өңделмей, ішкі нарықтағы сату жүйесі де реттелмеген.
Сондай-ақ, сапасыз арзан еттің сырттан әкелінуі отандық өндірісті тұралатып отыр.

«Бие сүті мен қымыз — жай ғана дәстүрлі сусын емес, бұл – функционалдық тағам. Сондықтан оны өңдеп, экспортқа шығару керек», – дейді Аманжол Әлтай.

Депутаттың айтуынша, жылқы шаруашылығында шабандоз, атбегі, зоотехник-коневод, ипполог, иппотерапевт сияқты мамандарға сұраныс жоғары. Бірақ елімізде арнайы білім беру жүйесі жолға қойылмаған.

«Колледждер мен жоғары оқу орындарында маман даярлайтын бөлімдер ашып, мемлекеттік гранттар бөлу керек», – деді ол.

Мектеп бағдарламаларында жылқы туралы нақты жүйелі білім жоқ.

«Жылқының анатомиясы, күтімі, қасиеттері жайлы арнайы модуль енгізу керек», – деп ұсыныс білдірді.

Еліміздегі көптеген ипподромдар ескірген, ал кейбір өңірлерде мүлде жоқ. Осыған орай:

  • Аймақтарда кемінде бес заманауи ат спорты кешені салу ұсынылды;
  • Алматыдағы бұрын сатылған ипподромды коммуналдық меншікке қайтару сұралды.

Иппотерапия – мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалтуда дәлелденген тиімді әдіс. АҚШ, Германия, Канада сияқты елдерде бұл – ұлттық денсаулық жүйесіне енгізілген. Аманжол Әлтай бұл тәжірибені Қазақстанға да енгізуді ұсынды.

«Иппотерапияны ТММК мен МӘМС аясында қаржыландырып, өңірлерде оңалту орталықтары жанынан бөлімшелер ашу қажет. Бұл – инклюзивтік қоғам құрудағы нақты қадам», – деді депутат.

Депутат жылқының қазақ тарихындағы символикалық маңызын ескере отырып:

«Қазақстанда жылқыға арналған «Тұлпар күні» ұлттық мерекесін ресми түрде бекітуді ұсынамын», – деді ол.

  • АӨК Ұлттық жобасына жылқы шаруашылығын дамыту шараларын енгізу;
  • ЖОО мен колледждерде жылқы бағыты бойынша маман даярлау бөлімдерін ашу;
  • Иппотерапияны медициналық және әлеуметтік қызметтер тізіміне қосу;
  • Ат спорты инфрақұрылымын дамыту және жыл сайын республикалық Көшпенділер ойындарын өткізу;
  • Мектеп бағдарламасына жылқы тақырыбы бойынша арнайы модуль енгізу.