Нұртай Сабильянов сын көтермейтін жолдардың жағдайын айтып, дабыл қақты
Депутат «Алматы-Өскемен» бағытында 84 шақырым жолды жөндеу керек дейді

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұртай Сабильянов премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, Ақтоғай кентінен «Алматы-Өскемен» жолына дейінгі 84 шақырымдық жол сын көтермейді деп, дабыл қақты. Сабильянов бұл мәселені осыдан екі жыл бұрын да қозғаған екен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Жол өте нашар жағдайда, шұңқырлар көп, содан бола жолаушылар мен жүргізушілерге қиындық тудырып отыр», – дейді депутат.
Депутат бұған дейін, 2023 жылғы 5 сәуірде, үкіметке осы жолды жөндеу жөнінде сауал жолдағанын еске салады.
«Жөндеу жұмыстары 2025 жылға дейін аяқталады», – деген жауап келсе де, бүгінге дейін нақты жұмыс басталмаған», - дейді ол.
Жолдың ұзындығы 84 шақырым. Соның ішінде:
- 17 шақырымы – Абай облысының,
- 67 шақырымы – Жетісу облысының аумағында.
Алайда, екі облыс та тек жобалық-сметалық құжаттаманың әзірленіп жатқанын хабарлаған.
Абай облысының әкімдігі 2023 жылғы 28 тамызда және 2025 жылғы 28 наурызда құжат дайындалып жатқаны туралы хат жолдаған.
Жетісу облысының әкімдігі 2023 жылғы 15 қыркүйек және 2025 жылғы 19 наурыздағы хаттарда жұмыс алдағы уақытта басталатынын, әзірге жобалық-сметалық құжаттама кезеңінде екенін көрсеткен.
«Алайда 2 жыл өткеніне қарамастан жобалық-сметалық құжаттамалар әлі дайын емес, қаражат қарастырылмаған», – деді депутат Сабильянов.
Депутат жол жөндеу жұмыстарының басталмауына алаңдап, үкімет басшысынан мәселені бақылауға алуды сұрады.
«Ақтоғай кентінен «Алматы-Өскемен» жолына дейінгі 84 шақырым жолды жөндеу мәселесін шешуді және қаражат бөлуді сұраймын», – делінген ресми сауалда.