ШҚО-да «Қазселденқорғау» филиалының басшысы сотталды

Автор: Асыл Арман

Оның 2,7 млн теңгеге жуық қаржы жымқырғаны анықталды

Фото: Instagram/112shygysqaz_tjd

Өскемен қаласының №2 соты «Төтенше жағдайлар министрлігінің Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің облыстық филиалының басшысы Советбек Станбековке қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тергеу барысында Советбек Станбеков қала тұрғынын мекемеге жалған жұмысқа орналастырып, мемлекет қаржысын 2,7 млн теңгеге жуық көлемде жымқырғаны анықталды.

Сот шешімі:

  • С. Станбеков кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды;
  • Оған мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыру жазасы да тағайындалды.

«Сот актісі заңды күшіне енген жоқ. Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі», - делінген Антикор хабарламасында.