Дженнифер Лопестің Алматыдағы концертіне билет онлайн кезекпен сатылып жатыр
Он минутта үш аумақтың билеті өтіп кеткен

Әлемдегі мегажұлдыз Дженнифер Лопес 10 тамызда Алматыда да концерт қояды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлемдік әншінің Алматыдағы концертіне арналған билет бүгін, 28 мамыр күні сағат 10:00-де сатыла бастады. Tiketon.kz сайты сатып алғысы келген адамдарды онлайн кезекке қойды. Сайтқа кірген уақытына қарай кезек беріліп жатыр.
«Сіздің алдыңызда 8852 адам тұр», - деген кезек шығады.
Дегенмен кезек онлайн түрде жылдам жылжыды. Билет алу парақшасы ашылғанда 10 минутқа жетер-жетпесте, VIP, би алаңы және фан-зонаның билеттері сатылып кеткен. Билеттердің бағасы 40 мың теңгеден 180 мың арасында сатылып жатыр.
Осыған дейін Астанадағы концертке билеттер сатылымы кезінде сайт бұғатталып қалған еді.
Еске салсақ, әлемдік әнші Дженнифер Лопес жазда Қазақстанның екі қаласында концерт береді.