«Баламен сөйлеспеу – сау ұрпақты қолдан ауру ету»: Санжар Керімбай бала тәрбиесі жайлы айтты
Басты проблема - аналардың баламен сөйлеспеуі

Жазушы әрі қоғам белсендісі Санжар Керімбай бүгінгі қоғамда жиілеп бара жатқан балалардағы психологиялық және сөйлеу бұзылыстарының себептеріне тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның пайымынша, басты проблема - аналардың баламен сөйлеспеуі, бесік жырын айтпауы, ұлттық тәрбие бермеуі.
«Санасында сырқаты бар сәбилер балабақша мен мектеп атаулыны басып қалды. Сабақ өту мүмкін емес. Мұғалім атаулы сау бала таппай зар илеп жүр», - дейді автор.
Санжар Керімбайдың айтуынша, көп ата-ана баланың дамуына жеткілікті көңіл бөлмей, оны смартфонға телміртіп қояды, ал бұл — баланың ойлау қабілетін тежейтін, нейрондық байланыстарын бұзатын қауіпті әрекет.
«Баланы сап-сау қып өсіріп, оған бақытты тағдыр сыйлаудың бір ғана жолы бар - онымен туа сала үлкен адамша сөйлесу», - дейді ол.
Автор жаңа туған шақалаққа әлди, бесік жыры, санамақ, ертегі айту – рухани иммунитетті қалыптастырудың басты шарты екенін нақты мысалмен жеткізеді. Ол видеодағы бір ана бейнесін үлгі етіп көрсетіп, сол әйелдің баламен сөйлесудегі үлгілі қарым-қатынасын барша аналарға өнеге қылады.
«Қоғамға дені сау, ақыл-есі бүтін, ар-ұяты мығым адам сыйлағың келсе, сол секілді баламен сөйлес» – дейді Санжар Керімбай.
Санжар Керімбай қазіргі «бала тәрбиесімен айналысып жүрмін» дейтін кейбір психологтардың ақылын емес, дәстүрге негізделген тәрбиені басшылыққа алуға үндейді. Оның пікірінше, бұл — «ауру бала» синдромының алдын алудың жалғыз жолы.