Алматы облысында 11-сынып оқушысын өлтіріп кетті
Күдікті ұсталды

Алматы облысында мектеп оқушысының өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы облыстық Полиция департаменті мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қылмыс жайлы не белгілі?
Полицияның мәліметінше, қайтыс болған бала 11-сыныпта оқыған. Оқиға орны мен нақты жағдайлар тергеу құпиясына байланысты жария етілмей отыр. Бірақ оны өлтірді деген күдіктінің де мектеп оқушысы екені белгілі болды. Олар бір сыныпта оқыған.
«Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің “Адам өлтіру” бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», – делінген полиция хабарламасында.
Күдікті баланың ата-анасы жауапқа тартылды
Құқық қорғау органдары күдіктінің заңды өкілдеріне қатысты да шара қабылдаған. Олар баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді дұрыс орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
- Күдікті ұсталды
- Тергеу амалдары жүріп жатыр
- Ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылған
- Білім басқармасына ресми ұсыныс жолданды
Тергеу жалғасып жатыр
Қазір оқиғаға байланысты барлық қажетті тергеу шаралары жүргізілуде. Полиция департаментінің хабарлауынша, қылмыстың барлық мән-жайы жан-жақты зерттеледі.
«Қалған мәліметтер тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды», – деді ведомстводан.