Павлодар облысында прокурорлар ойламаған жерден ауыр қылмысты ашты
Әйел жауап беру кезінде күмәнді әрекет етіп, сұрақтарға сенімсіз жауап берген

Павлодар облысының Ақсу қаласында прокурорлар ойламаған жерден ауыр қылмысты ашты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Есірткі қоймалары табылды
Облыс прокуратурасының мәліметінше 24 сәуірде мойын тұсынан бірнеше рет кесілген жарақат алған шетел азаматы қалалық ауруханаға жеткізілген.
«Мән-жайды анықтау мақсатында прокурорлар оқиға орнына барып, тексеру жүргізді», - деп жазылған хабарламада.
Әңгімелесу кезінде оқиғаға қатысушылардың бірі күмәнді әрекет етіп, сұрақтарға сенімсіз жауап берген.
«Жедел іс-шаралар барысында прокурорлар аталған әйелдің ұялы телефоны арқылы есірткі қоймаларының координаталарын, сондай-ақ оның жанында болған тыйым салынған заттарды анықтады», - дейді мамандар.
Күдіктілер қамалды
Тергеу шаралары нәтижесінде 120-дан астам түйіншек, сондай-ақ оларды орау және сату үшін қолданылатын құралдар тәркіленді.
Аталған қылмыстық топтың жарты жыл бойы Павлодар облысының аумағында заңсыз әрекетпен айналысып келгені анықталды.
Барлық күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.