«Шерзатты теуіп, Нұрқанатқа үш рет пышақ сұқтым» - басты күдікті Абзал Шынасыл
Ол оқиғаға қатысты өз нұсқасын айтты

Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша айыпталған Абзал Шынасыл сот отырысында жауап беріп жатыр. Ол кінәсін жартылай мойындайтынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Абзалдың айтуынша, сол күні ол достарымен бірге «Эйфория» мейрамханасында жиналған. Кейінірек Тоқтаубаев Азамат пен Шыңғыс Белғожаев та келген. Кейін Дархан Әскентай Нұрболға хабарласқан.
«Түнгі сағат 00:00-ден кейін мейрамхана жабылатын болды. Сол сәтте Тоқтаубаев Азамат пен Шыңғыс Белғожаевтың жоқ екенін байқадық. Бір кезде Азамат маған хабарласып, «Досымды ұрып кетті» деді. Олар қара көлікке мініп кеткен екен. Мен көлікке сыймай қалдым. Сол жерде Талғат Әшірбаев деген танысымды көрдім. Ол мені Менделеев көшесіне апарып тастайтын болды», – дейді Абзал.
Абзалдың айтуынша, сол сәтте Дана есімді қыз оған «төбелес басталды» деген хабарлама жіберген.
«Көшеге шыққанда адамдар шулап, төбелесіп жатқанын көрдім. Солардың арасынан ұзын бойлы, сақалды жігіт – Нұрқанат Ғайыпбаев маған қарай ұмтылды. Оны бір рет ұрдым. Кейін ол «Қамажай» дүкенінен мылтық алып шықты да, балағаттап, аспанға оқ атты», – деп жалғастырды күдікті.
Абзалдың сөзінше, Нұрғанат ешкімнің сөзін тыңдамай, тағы бір мәрте оқ атқан.
«Ол мылтығымен Шота Руставели көшесіне қарай кетті. Мен де оның артынан жүрдім. Сол жерде оның қасындағы Шерзат Полат құлап түсті. Шалынып құлаған шығар деп ойладым. «Жедел жәрдем шақыр» дегенде, мен оны бір тептім. Артымнан бір жігіт келді — ол Дархан Әскентай екен. Оны танымай қалған соң екі рет ұрып жібердім», – дейді ол.
Күдіктінің айтуынша, ол Нұрқанат Ғайыпбаевтың артынан барып, төс қалтасындағы пышақпен оның жамбасына үш рет сұққан.
«Көлік келген соң барлығымыз «777» дүкеніне бардық. Қыздар дүкенге кірді. Сол кезде мен пышағымды алып, Данаға «Диззи» сусынын құйшы деп, қолдың ізі қалмасын деп жұдым», – деді ол.
Сотты біздің ютуб-каналдан тікелей эфирде көре аласыздар.