Былтыр лагерлердің 19%-ы дайындықты уақытында аяқтай алмаған
Денсаулық сақтау министрлігі мектеп медицинасы мен балалар лагерлерін бақылауды күшейтеді. Бұл туралы министр Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жазғы демалыс кезінде балалар лагерлерінің санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігі бақылауда болады.
"Әрбір лагерь, оның ішінде шатырлы лагерлер де маусым басталғанға дейін санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алуға міндетті. 2024 жылы лагерлердің 19%-ы (37 лагерь) дайындықты уақытында аяқтай алмады және балаларды қабылдауды бастай алмады", - деді Әлназарова.
Әр маусымдық лагерге санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары бекітілді, лагерь басшылығымен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінде қауырт желі ұйымдастырылды.
Министрдің айтуынша медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру мақсатында мектеп медицинасында мейіргерлердің рөлі күшейтілуде.
"Мәселен, мейіргерлердің жүктемесін азайту (бір мөлшерлеме 700 емес, 500 оқушыдан келетіндей) жоспарланып отыр, оқушы саны 1000-нан асатын ірі мектептерде стоматологиялық аурулардың профилактикасына арналған арнайы кабинеттер ашылады", - деп атап өтті министр.
Сонымен қатар медициналық тексеру және медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру тәртібі қайта қаралуда.
Еске сала кетейік, Денсаулық сақтау министрлігі Мектептегі тамақтану стандартын қайта қарады және ол биылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді. Халықаралық ұсынымдарға сәйкес әзірленген типтік мәзір балалар организмінің физикалық және ақыл-ой дамуына пайдалы болмақ.