Атбасар тұрғыны ақшасын қайтарамын деп жүріп тағы алданып қалды

Автор: Алмас Ерсін

Жәбірленуші 8 шағын қаржы ұйымында кредит рәсімдеп, барлық ақшаны алаяқтарға берген

Фото: istockphoto.com/JuYochi

Атбасар тұрғыны инвестицияға салған ақшасын қайтарып аламын деп жүріп тағы алданып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше Атбасар ауданының полиция бөлімі алаяқтық фактісі бойынша жергілікті тұрғынның өтініші бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.

Ақмолалықты 3 млн теңгеге алдаған

Қала тұрғыны өзі бірнеше жыл бұрын инвестициялаған ақшаны қайтару бойынша заң қызметін ұсынған алаяқтардың құрбаны болды.

"Өтініш берушінің айғақтарынан белгілі болғандай, 2021 жылы ол инвестицияға жеке ақша қаражатын салған, алайда одан оған табыс түспеген. Осы жылдың мамыр айында сайттардың бірінде ол осындай жағдайға тап болған азаматтарға көмектесуге уәде берген заңгерлердің қызметтеріне тап болады", - деп жазылған хабарламада.

Жалған заңгерлерге сеніп, ақмолалық 8 шағын қаржы ұйымында кредит рәсімдеп, алаяқтарға барлық ақшаны берген. Залал 3 324 500 теңгені құрады.

Полиция азаматтарды сақ болуға шақырды

Полиция азаматтардан онлайн қызметтерді алу және әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде әртүрлі мамандармен байланысу кезінде сақ болуға шақырды.

Жеке ақша қаражатын үшінші тұлғаларға аударуға болмайды, әсіресе несие рәсімдеуге немесе шағын қаржы ұйымдарына жүгінуге болмайды.

Еске сала кетейік, алаяқтардан зардап шеккен ақтаулық зейнеткер төлем қабілеттілігін тексерместен ірі көлемде кредит ұсынған банкті сотқа берген болатын. Кредит алуға тыйым саламыз деген желеумен, оның телефонына зиянды қосымшаны орнатқан, содан кейін алаяқтар оған 4,9 миллион теңгеге жуық сомаға онлайн кредит рәсімдеген. Оның депозиттік шотынан қосымша 2 миллион 758 мың теңге ұрланған