Ол құрылысшы жігіттерге ризашылығын білдірді
Сәкен Майғазиев келін түсіруге дайындықты бастап, үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ryhy.
Әнші әлеуметтік желідегі парақшасында видео жариялап, құрылыс барысын көрсетті.
«Негізі мен рушылдықты, трайбализмді, жер-жерге, ұлт-ұлтқа бөлінгенді жек көретін жігітпін. Бірақ бізде басқа ұлт өкілдері ғана күшті жасайды деген стереотип қалыптасып қалған. Мына жігіттердің барлығы қазақ. Қараңыздаршы, шоколад қып жасады», - дейді Сәкен Майғазиев.
Ол құрылысшы жігіттердің жұмысына көңілі толатынын айтып, командаға ризашылығын білдірді.
Майғазиев құрылысқа басқа ұлт өкілдерін де жалдағанын, олардың да мықты жасайтындары бар екенін атап өтті.
«Бірақ өзіміздің қазақтың жігіттері ғажап жасап жатыр. Апыр-топырын шығарды. Келін алмасақ, үйді де жөндемейді екенбіз. Жалпы менің айтайын дегенім, адамды алаламау керек, ұлтқа, жерге бөлінбеу керек. Іскерлігіне, тәрбиесіне байланысты деп ойлаймын», - деп түйіндеді әнші.
Еске сала кетейік, өнерпаздың ұлымен көңіл жарастырып жүрген Әдия Мәулен әлеуметтік желіде өзін таныстырған болатын.
«Әділет екеуміз бір-бірімізді 3-4 жылдан бері танимыз, бірақ нақты сөйлесіп жүргенімізге ертең 9 ай болады екен. Жас айырмашылығымыз – 6 жас. Жаңаөзенде дүниеге келдім, Ақтау көшіп кеттік. Ал қазір Алматыда тұрып жатырмыз. Колледжді қонақүй бизнесі мамандығы бойынша аяқтадым. Оқуды аяқтап, Астанаға барған едім. Болашақта жоғары оқу орнына түсуді жоспарлап жүрмін», – деді Әдия Мәулен.
Ол ата-енемен тұруға қарсы емес екенін жеткізді.
«Бұл тақырыпта бейтарап көзқарастамын. Өзім үлкен отбасыдан шықтым, көп адам болып шай ішкен ұнайды. Артымнан еріп келе жатқан інім болғандықтан жақсы түсінемін», - дейді 20 жастағы ару.