«Күйеуі бала баққан»: Ақтөбеде отбасылық жанжал сотта қаралды
Әйелі мен күйеуі бір-бірін сотқа берген

Ақтөбеде мансап баспалдағымен көтерілген әйел мен оның күйеуі арасындағы дау ажырасумен және сот ісімен аяқталды. Әйел бұрынғы жұбайын «үйді босатып, көлікті қайтарсын» деп сотқа берді, ал ер адам оның «адамгершілік тұрғыдан азғындағанын» айтып, қарсы уәж келтірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Диапазон» басылымына сілтеме жасап.
Әйел мансап қуып, ері үй шаруасында болған
Сотта әйел адамның банк филиалын басқарып жүргені және осы қызметке тағайындалған соң, Ақтөбеден басқа өңірге көшкені белгілі болды. Ал күйеуі жұмыстан шығып, баласына қарауды мойнына алған.
«Мен темір жолда 32 жыл жұмыс істедім, бірақ әйеліме қолдау көрсету үшін жұмыстан шығып, үй шаруасына кірістім. Бірақ жаңа қызметіне кіріскен соң, мінезі өзгерді, менсінбеу, мені кемсіту пайда болды. Басқа ер адамдармен хат алмасып, түнделетіп үйге келмейтін болды», – деп жазған күйеуі банк басшылығына.
Резонанс тудырған сот шешімі
Сот отырысы барысында әйел үй мен көліктің өз атына тіркелгенін, сондықтан бұрынғы күйеуін олардан шығару туралы талап қойды. Сонымен қатар ол абырой-беделіме нұқсан келтірді деп моральдық өтемақы талап еткен.
- Сот оның үй мен көлікке қатысты талаптарын қанағаттандырды
- Бұрынғы күйеуі аталған мүліктерді қайтаруға міндеттелді
- Моральдық шығынға қатысты өтемақы талаптары орындалмады.
Соттың пікірінше, ер адамның банк басшылығына жазған хаты – оның жеке көзқарасы, әрі бұл қоғамға таралған ақпарат емес, сондықтан ар-намыс пен іскерлік беделге нұқсан келтіру фактісі жоқ деп танылды.
Банктің жауабы
Банк басшылығы тараптарды татуластыруға араласпайтынын айтып, бұл мәселеде отбасылық шеңберден аспау керектігін жеткізген.
Сот шешімі бойынша, әйелдің мүлікке құқығы заңды деп танылып, бұрынғы күйеуін үйден шығару мен көлікті қайтару туралы талап орындалды.
Қазақстандағы ажырасу көрсеткіші
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Астана қаласының бас имамы Ерболат Жүсіпов журналист Айкерім Есенәлімен болған подкаст сұхбатта «Коучтар талай отбасын ойран қылды» деген мәлімдеме жасады. Сонымен қатар депутат Парламент қабырғасында дабыл қағып, Қазақстанда жалған ажырасу өршіп тұрғанын айтты. Олар әлеуметтік көмек алу үшін жалған түрде ажырасуға барып жатқаны айтылды.
Айта кету керек, соңғы 5 жылда елімізде ажырасу көрсеткіші 48 пайызға азайған. Ал 10 жылда Қазақстанда отбасы саны 1,5 миллионға артты.