Олардан бөлек, тағы үш адам түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды
Алматы – Жандосов – Бесмойнақ тасжолында болған қайғылы жол-көлік оқиғасы салдарынан бүтін бір отбасы көз жұмды. Бұл туралы Алматы облыстық Полиция департаменті хабарлады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қайғылы оқиға 15 мамыр күні Алматы – Жандосов – Бесмойнақ бағытындағы тасжолдың 53-шақырымында орын алған. Полицияның мәліметінше, алдын ала деректер бойынша, жеңіл автокөлік жүргізушісі рөлге ие бола алмай, қарсы жолаққа шығып кеткен.
Салдарынан көлік жол жиегіндегі кедергіге соғылып, кейіннен аударылып кеткен.
Оқиға салдарынан жүргізуші мен екі жолаушы – ерлі-зайыптылар және олардың баласы оқиға орнында жан тапсырды. Тағы үш адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген.
«Аталған жол-көлік оқиғасына байланысты Қылмыстық кодекстің тиісті бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Полиция тергеу барысын бақылауда ұстап отыр», - делінген Полиция департаментінің хабарламасында.
Мамандар жүргізушілерге көлікті жоғары жылдамдықпен басқармауды, қауіпсіз арақашықтықты сақтауды және рөлде мұқият болуды ескертеді. Әсіресе жол тайғақ немесе көріну деңгейі төмен кезде абай болу қажет.